Ең алғаш бағдарламашы (программист) әйел болғанын білесіздер ме?

Ада Лавлейс — XIX ғасырда өмір сүрген ағылшын математигі және жазушысы.
Әкесі атақты ағылшын ақыны Лорд Байрон болған, бірақ Ада әкесін көрмеген, өйткені ол Ада дүниеге келгеннен кейін көп ұзамай анасымен ажырасып кеткен.

Анасы Аннабелла Милбенк өзінің логикалық ойлау қабілеті мен математикаға қызығушылығы үшін “Параллелограмм ханымы” деген лақап атқа ие болған.
Ол Адаға кішкентайынан ғылым мен математикаға қызығушылықты сіңіруге тырысты.

Ада 17 жасында ағылшынның математигі, әрі өнертапқышы Чарльз Бэббиджпен танысады. Ол кезде Чарльз өзінің “аналитикалық машина” атты құрылғысын жасаумен айналысып жатқан болатын.

Аналитикалық машина — есептеулерді жүргізетін механикалық құрылғы болуы керек еді. Ол қазіргі компьютерлердің алғашқы жобасы болып есептеледі. Чарльз оны қарапайым калькулятор ретінде қолданамын деп ойлаған.
Алайда Ада оның мүмкіндіктерін байқап, машина тек қана есептеулерді ғана емес, сонымен қатар «бағдарламалауға» болатын нұсқауларды да орындай алатынына көзі жеткен. Өкінішке орай, қаржылық қиындықтар мен техникалық мүмкіндіктердің шектеуі салдарынан машина іс жүзінде құрастырылмады.

1991 жылы Бэббидждің түпнұсқалық жазбалары негізінде аналитикалық машина жасалды. Бұл машина сәтті жұмыс істеп, оның идеяларының дұрыстығын дәлелдеді.

Ада аналитикалық машинамен Бернулли сандарын есептейтін ең алғашқы алгоритмді жазған.
Ол мәліметтерді енгізу, өңдеу және нәтижені алу үшін қандай қадамдар жасау керегін нақты түсіндірді.
Ада аналитикалық машинаның мүмкіндіктерін көрсетіп қана қоймай, болашақта компьютерлердің тек математикалық есептер ғана емес, басқа да тапсырмаларды орындай алатынын болжады.

Ада бұл жаңа бағытты “операциялар ғылымы” деп атаған. Операциялар ғылымы қазіргі компьютерлік саланың негізі болып саналады.
Өкінішке орай, Ада небәрі 36 жасында өмірден өтті.
Дегенмен, ол ғылымға зор үлес қосып, компьютерлік ғылымның негізін қалаған тұлға ретінде тарихта қалды.
Қызықты факт: оның құрметіне 1979 жылы АҚШ Қорғаныс министрлігі жаңа бағдарламалау тілін жасап, оны Ada деп атаған.